20 қыркүйекте Астанадағы Ботаникалық бақта UNICEF Charity Run 2026 өтеді. ЮНИСЕФ-тің 80 жылдығына арналған қайырымдылық жүгірісі Қазақстандағы балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылады.
Қатысушыларға үш қашықтық ұсынылады. 16 жастан асқандар 5 немесе 10 шақырымға жүгіре алады. 7–15 жас аралығындағы балалар үшін 2 шақырымдық қашықтық қарастырылған.
Жиналған қаражат ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы балалар үшін инклюзивті қоғам құру бағдарламасына бағытталады. Бағдарлама мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың отбасыларына қызметтердің қолжетімді болуына, сондай-ақ балалардың білімге, спортқа және қоғам өміріне тең қатысуына қолдау көрсетеді.
10 шақырымға қатысу құны — 7 000 теңге, 5 шақырымға — 5 000 теңге. Балалардың 2 шақырымдық жүгірісі тегін. Мүмкіндігі шектеулі адамдар да жарысқа тегін қатыса алады. Тіркелу Ticketon платформасы арқылы жүргізіледі.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».