Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» республикалық спорт фестивалі өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған спорттық шараға еліміздің 20 өңірінен 291 бала қатысып, өзара бақ сынады. Олардың 97-сі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсіміне бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев қатысты. Ал жабылу салтанатында қатысушыларды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина мен Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев марапаттады. Фестиваль аясында балалар бочча, жеңіл атлетика және «Көңілді старттар» эстафеталық жарыстарына қатысып, спорттық қабілеттері мен командалық рухтарын көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар арнайы сыйлықтарға ие болды.
Фестивальдің басты мақсаты – балаларды спортқа баулу, олардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімін арттыру, сондай-ақ достық пен ынтымақтастықты нығайту арқылы инклюзивті спортты дамыту. Төрт күнге созылған фестиваль балаларға спорттық тәжірибе жинақтап қана қоймай, жаңа достар тауып, жарқын әсерге бөленуге мүмкіндік берді.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».