Елордадағы № 45 жалпы орта білім беретін мектепте Kids’ Athletics бағдарламасы бойынша оқыту семинары аяқталды. Оған 140-қа жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі қатысып, балаларды жеңіл атлетикаға баулудың әдістемелік және практикалық тәсілдерін меңгерді.
Бағдарламаның сертификатталған лекторы Дамир Абулев жүргізген сабақтар педагогтерге жүгіру, секіру және лақтыру жаттығуларын балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру жолдарын таныстырды. Мұғалімдер алған білімін мектептегі дене шынықтыру сабақтарында қолдана алады.
Іс-шараға Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Бас хатшысы Келбет Нұрғазина қатысты. Семинар қорытынды марапаттау рәсімімен түйінделді. Сәуір айында басталып, жаңа оқу жылында жалғасын тапқан жобаның негізгі мақсаты — жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттау және спортқа бейімі бар балаларды анықтау.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».