Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov prizes турнирі өз мәресіне жетті

Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov prizes турнирі өз мәресіне жетті

Бүгін «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде World Athletic Indoor Meet бәсекесінің бірінші кезеңі аяқталды. Елорда төрінде 40 мемлекеттен келген 110 спортшы түрлі бағытта жарыс жолына шықты. Сайыс барысында небір сәтсіздіктер, қобалжу мен мұңаю, қуану мен тұғырдың ең биігіне жайғасу сияқты кездер алма-кезек тіркелді. Жанкүйерлер назарының қазақстандық спортшыларға ауғаны анық, жеңіске жетеді деп сенді. Бірақ жергілікті спортшылар жеңіл атлетиканың 12 тәртібі бойынша бірде-бір алтын медаль ала алмады.

Айта кетейік, Indoor Meet for Amin Tuyakov prizes - рейтингілік ұпайлар беретін маусымдағы алғашқы турнир.

Үш қарғып секіруде қазақстандық Мария Ефремова 13,27 метрді еңсеріп, алтыншы орынға тұрақтады. Бірінші орын Словениядан келген Нейя Филипикке бұйырды. Ол өз мүмкіндіктерінің бірінде 14,05 метрге секіріп, ең жоғары нәтиже тіркеді. Ерлерде ұзындыққа секіру бойынша америкалық Айзек Граймс 7,89 метрге қарғып, жеңімпаз атанды.

Биіктікке секіруде жарақатынан енді айыққан қазақстандық Надежда Дубовицкая 1,88 метр межені бағындыра алмады. Бірақ өзі айтқандай, осы жолғы нәтижесі де жаман емес. Жыл басында қателікпен жұмыс істеп, Гауһар лига жарысына бұдан жақсы дайындықпен баруға болады. Осы сында Жапониядан келген Нагиса Такахаши күтпеген жерден топ жарды. Елизавета Матвеева үздік үштікке енді. Ерлер арасында Германиядан келген Тобиас Потье 2,15 метр биіктікке секіріп, турнир жеңімпазы атанды. Игорь Косолапов рейтингте ең соңғы нәтижені көрсетті.

60 метрдің финалында канадалық Андре де Грасс пен Кейшан Томпсон арасында қызықты бәсеке күтілді. Ямайканың үздігі жабық кешенде алғаш рет бақ сынаса да, 60 метрді 6,58 секунд уақытымен жүгіріп өтті. Бұл нәтижеден соң жанкүйер қиқуға салып, жарыса қол соқты.

Жалпы, спортшылар да, қатысушылар да жарыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Төрешілер тарапы да олқылыққа жол бермей, біліктіліктерін көрсетті. Жазғы жеңіл атлетика маусымы биыл ертерек, яғни сәуір айында басталып, қыркүйекке дейін жалғаспақ. Көп спортшы артынып-тартынып, сол сайысқа келуге оқталып жүр. Дей тұрғанмен, бүгін жарыс жолына шыққан әр қатысушы аянып қалмай, ең үздік нәтижелерін көрсетуге тырысты.

2 3 4