Анастасия Калошина: Ел рекордын жаңартып, спорттағы бір белесті бағындырдым

Анастасия Калошина: Ел рекордын жаңартып, спорттағы бір белесті бағындырдым

Қазақстандық атлет Анастасия Калошина жуырда Бресте (Беларусь) өткен жарыста балға лақтырудан 63.80 метр нәтиже көрсетіп, тоғыз жылдан бері жаңармаған Қазақстан рекордын орнатты. Қазіргі таңда Анастасия небәрі 23 жаста. Болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы.

Ол бірнеше рет Қазақстан чемпионаты мен ел кубогында жеңіске жеткен. Енді, міне, ел рекордын жаңартып отыр. Кейінгі үш жылда жерлесіміз Беларусь маманымен жаттығып келеді.

– Анастасия, алдымен ел рекордын жаңартқаныңмен құттықтаймыз! Бұл нәтижеге қалай қол жеткіздің?

– Көп рақмет! Шынын айтсам, бұл нәтижеге мен де, жаттықтырушым да бұрыннан дайын едік. Бірақ оны дәл жарыста көрсете алмай жүргенбіз. Бірде бабымыз келсе де бағымыз шаппай қалатын. Осы жолы бәрі сәтімен қабысты. Дегенмен, мен бұл нәтижемен тоқтап қалмаймын. Өз нәтижемді жақсартуға және басқа да рекордтарды жаңартуға мүмкіндігім бар деп есептеймін.

– Бұл рекорд сен үшін нені білдіреді? Қарапайым сан ба, әлде спорт жолыңдағы маңызды кезең бе?

– Әрине, бұл – жай ғана сан емес. Бұл – спорттағы бір кезең. Еңбектің еш кетпейтінін, нәтиже бірден келмесе де, бір күні міндетті түрде болатынын көрсететін белгі. Бұл өзіме де, жаттықтырушыма да дұрыс жолда келе жатқанымыздың дәлелі.

– Жетістікке жетуге әсер еткен ерекше тәсіл немесе дайындық ерекшелігі болды ма?

– Бәрі біртіндеп қалыптасты. Жаттықтырушым әлі де менің ағзамның жүктемелерге қалай жауап беретінін зерттеп жүр. Біз дайындықтың әр кезеңіне жеке қарап, саналы түрде жұмыс істеуге тырыстық. Сонымен қатар, психологиялық тұрғыдан да өзімді ересек сезіне бастадым.

– Сен Беларусь маманымен жаттығасың. Бір-біріңді қалай таптыңдар?

– Александр Сергеевич Бабуркин – тәжірибесі мол, өз ісіне шын берілген адам. Мен ол кісінің қол астында тек спортшы ретінде емес, тұлға ретінде де қалыптасып келемін. Шын мәнінде, ол мені таңдады десем болады. Мені Новополоцкідегі жарыста байқап, кейін Instagram арқылы байланысқа шықты.

– Өзіңді үнемі бабыңда ұстап жүруге не көмектеседі? Мотивацияны қайдан аласың?

– Әрдайым бабында болу – тәртіп пен режимнің нәтижесі. Мотивация болмаған күннің өзінде, болашақ нәтижелер үшін жұмысыңды жалғастырасың. Тәжірибе артқан сайын жарыс рухы да қалыптасады: жарысқа шыққанда басқа күйге енесің. Әр жарыстан кейін өзім жайлы жаңа нәрсе біліп, тәжірибе жинаймын.

– Алдағы жоспар қандай? Өз рекордыңды жаңартқың келе ме?

– Жоғарыда айтқанымдай, бұл рекорд – спорттық жолымдағы бір кезең. Алда бұдан да биік белестер күтіп тұр деп ойлаймын. Жарыстарға жай ғана қатысып қоймай, әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болғым келеді.