"Аминиада-2025": Ақтауда дәстүрлі жеңіл атлетика жарысы дүркіреп өтті

Ақтауда жеңіл атлетикадан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған республикалық жарыс мәресіне жетті, деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі. 

Турнирге 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер қатысып, даңқты атлеттің құрметіне өткен дәстүрлі турнирдің көркін қыздырды.

«Аминиада-2025» атауымен өткен жасөспірімдер додасы осымен 15-рет ұйымдастырылып отыр. Бұл бәсеке 2009 жылға дейін облыс көлемінде өткізілсе, 2010 жылдан бастап республиканың әр аймағындағы жас спортшылардың басын қосып келеді.

Биылғы турнирге Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан және Алматы қаласынан жиналған 200-ге жуық атлет қатысты. Спортшылар 100, 200, 400, 800, 1500 және 3000 метрге жүгіруден, ұзындыққа секіру, үш қарғып секіру, найза, ядро лақтыру, эстафета және аралас эстафетадан өзара мықтыларды анықтады.

Жарыстың құрметті қонақтары қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина мен жеңіл атлетика ардагері Қуандық Елжанов болды. Әмин Тұяқов отбасылық жағдайына байланысты бәсекені тамашалауға келе алған жоқ.

Еліміздің батысында даңқты спортшының құрметіне өткен турнир биыл ерекше форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар саны артып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйақы табысталды. Ендігі мақсат – келесі жылғы турнирде қатысушылар санын 300-ге жеткізу.

Осы орайда, "Аминиада-2025" турнирін жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан Маңғыстау облыстық спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш пен жеңіл атлетика федерациясының төрағасы Нұрлан Әділовке, облыстың аға жаттықтырушысы Әсия Рабаеваға шын жүректен алғыс білдіреміз.

IMG_8093 IMG_8096 амин туяков IMG_8097 IMG_8098 IMG_8095