Алғашқы алтын: Дейзи Джепкемей Азия чемпионатында топ жарды

Алғашқы алтын: Дейзи Джепкемей Азия чемпионатында топ жарды

Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржыны алтын медальмен толықты.

10 000 метр қашықтыққа жүгіруде сынға түскен отандасымыз Дейзи Джепкемей бұл қашықтықты 30:48.44 уақыт көрсеткішімен бағындырып, мәреге бірінші болып келді. Осылайша, Дейзи Джепкемей Оңтүстік Корея төрінде жеңіс туын желбіретіп, ел Әнұранын шырқатты. Күміс жүлде жапон спортшысы Ририка Хиронакаға (30:58.32), ал қола медаль Микуни Ядаға (31:12.21) бұйырды.

Бір қызығы, бұл қашықтықтағы жарыс кеше өтуі тиіс еді. Жарыс жолына шыққан спортшылар 10 минуттан аса уақыт жүгірген болатын. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты төрешілер жарысты тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі толастамай жауған нөсер жаңбырдан кейін бұршақ аралас қатты жел соғып, жағдай мүлде қиындап кетті. Сол сәтте Дейзи Джепкемей қарсыластарынан едәуір ұзап шығып, алтын медальге сенімді келе жатқан еді.

Нәтижесінде әйелдер жарысы 29 мамыр таңертеңге шегерілді. Әрине, алдыңғы күнгі ауа райы барлық қатысушылар үшін оңай болмады. Дегенмен, Дейзи сол күні бар күшін салып жүгіргенін ұмытпаған жөн. Оның үстіне, 28 мамырда Куми қаласында тіркелген табиғи құбылыстар — Африкада дүниеге келіп, өскен адам үшін кәдімгі қысқы ауа райы іспетті болғаны анық.

Тағы бір таңғаларлық жайт — алдыңғы күнгі ауыртпалықтарға қарамастан, Джепкемей 29 мамыр күні биылғы жылдың әлемдік деңгейдегі үздік нәтижелерінің бірін көрсетті! 30:48.44 — бұл 2025 жылғы 10 000 метрге жүгіру бойынша әлемдегі үшінші үздік нәтиже.

Осылайша, Қазақстан құрамасының еншісінде қазіргі таңда екі жүлде бар. Бұған дейін 20 км спорттық жүрістен Ясмина Тоқсанбаева қола медаль жеңіп алған болатын.