Аделина Земс: Бәсекелестік болмаса, нәтиже де төмен болады

Аделина Земс: Бәсекелестік болмаса, нәтиже де төмен болады

Қазақстандық жеңіл атлет Аделина Земс жуырда Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Геннадий Арзумановты еске түсіруге арналған VII халықаралық турнирде 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жеңіске жеткен болатын. Алайда спортшы qazathletics.kz сайтына берген сұхбатында нәтижесіне көңілі толмайтынын жеткізді.

– Аделина, жеңіс құтты болсын! Өзіңнің өнеріңе қандай баға берер едің? Не нәрсе сәтті болды, не нәрсеге көңілің толмады?

– Жалпы алғанда, өзімді орташа деңгейде жүгірдім деп есептеймін. Бұл жарысқа тек жеңіс үшін келген едім және мақсатыма жеттім. Бірақ өзім күткен уақыт көрсеткішін көрсете алмадым. Дегенмен Арзуманов мемориалында 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жаңа рекорд орнатқаныма қуаныштымын. Уақытым – 58.30 секунд.

– Жарыс алдында жақсы нәтиже көрсетуге сенімді болдың ба?

– Шынын айтсам, тым сенімді болмадым. Сондықтан тәуір нәтиже көрсете алмаған сияқтымын.

– Не нәрсе нәтижеңе кері әсер етті деп ойлайсың?

– Ең негізгі себеп – бәсекенің болмауы. Мен өзімнен күшті қарсыластармен жарысқанды жақсы көремін. Ондай жағдайда өз-өзіңді де көбірек қамшылайсың.

– Маусымның екінші бөлігін қалай жоспарлап отырсың?

– Алда тек санаулы жарыстар ғана қалды. Көбісі Қазақстанда өтеді. Өкінішке қарай, онда да бәсеке аса жоғары емес. Қазір Еуропадан шақырту күтіп жүрмін. Ең болмаса бір халықаралық жарысқа қатыссам деймін.