Астанада өткен жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында ерлер арасындағы 400 метрге жүгіру бәсекесі тартысты өтті. Шығыс Қазақстан облысының өкілі Эльнор Мұхитдинов 47,66 секунд нәтижемен алғаш рет ел чемпионы атанды.
33 жастағы тәжірибелі спортшы іріктеу кезеңінде де, финалда да ең үздік уақыт көрсетіп, мансабындағы алғашқы Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Күміс жүлдені 48,11 секунд нәтижемен Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі Ефим Тарасов иеленді. Ол осылайша екі жылдық үзілістен кейін Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері қатарына қайта оралды. Бұл – оның жазғы ел чемпионаттарындағы бесінші жүлдесі.
Қола медаль Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Михаил Литвинге бұйырды. Ол 48,29 секунд нәтижемен мәреге жетіп, Қазақстан чемпионаттарындағы 400 метр қашықтығында жетінші жүлдесін еншіледі. Осы көрсеткіш арқылы Литвин 2014 жылдан бергі осы дисциплинадағы ең жүлделі қазақстандық спортшылардың біріне айналды.