Шымкентте XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтті

Шымкентте XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтті



30 маусым мен 1 шілде аралығында Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial халықаралық турнирі өтті. World Athletics Continental Tour Bronze Level санатына кіретін жарыс Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда ұйымдастырылды.

Биыл 35-рет өткізілген дәстүрлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Иран, Египет, Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Грузиядан жалпы 250-ге жуық спортшы қатысты. Екі күнге созылған жарыста жүгіру, кедергілер арқылы жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық сайыстар бойынша жүлделер сарапқа салынды. Турнир бағдарламасына 27 жеке дисциплина және 4 эстафета енгізілді.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Екінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырса, үздік үштікті Қырғызстан құрамасы түйіндеді.

Биылғы турнирде спортшылардың нәтижелерін ынталандыру мақсатында жаңа марапаттау жүйесі енгізілді. Алғаш рет жарыста 1–6 орын алған спортшыларға ақшалай сыйақы тағайындалды. Сонымен қатар, турнир барысында бір жарыс рекорды жаңартылды. Ерлер арасындағы 1500 метрге жүгіруде Қырғызстан өкілі Нұрсұлтан Кенешбеков 3:43.51 нәтиже көрсетіп, 2021 жылдан бері өзіне тиесілі болған жарыс рекордын жаңартты.

Айта кетелік, Qosanov Memorial халықаралық турнирі қазақ жеңіл атлетикасының көрнекті өкілі, Олимпиада жүлдегері Ғұсман Қосановтың құрметіне ұйымдастырылады. Ғұсман Қосанов 1960 жылы Римде өткен XVII жазғы Олимпиада ойындарында 4×100 метрлік эстафетада күміс медаль жеңіп алып, Олимпиада тұғырына көтерілген алғашқы қазақ спортшысы ретінде тарихта қалды. Аңыз желаяқтың бұл жетістігі отандық жеңіл атлетиканың дамуына серпін беріп, кейінгі буын спортшыларына үлгі.

1990 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Qosanov Memorial 2021 жылдан бастап World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық күнтізбесіне енгізілген. Мұндай мәртебе спортшыларға әлемдік рейтингте ұпай жинауға мүмкіндік беріп, халықаралық жарыстарға іріктеу барысында маңызды рөл атқарады.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».