ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЖАБЫҚ КЕШЕНДЕГІ  10 АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ БІРІНШІ КҮНІ

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЖАБЫҚ КЕШЕНДЕГІ 10 АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ БІРІНШІ КҮНІ

Бүгін Астана қаласында жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионаты басталды. Сары құрлық додасының салатанатты ашылуы рәсіміне Азия жеңіл атлетика қауымдастығының Президенті Дахлан әл-Хамад, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Президенті Даниал Ахметов қатысып, 31 елден келген спортшыларға сәттілік тіледі.

Әлихан Смайылов әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрлық додасының қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді.

«Құрметті спортшылар, қадірлі қонақтар мен жанкүйерлер!

Азияның 31 елінен 500-ден астам спортшы қатысып жатқан байрақты бәсеке еліміз үшін айтулы оқиға. Спорт шекара талғамайды. Мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Алты мыңнан астам адам сиятын жеңіл атлетика кешені осының айқын дәлелі.

Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Азия біріншілігінің Астана төрінде өтуі – елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайта түсеміз»,-деп жазылған ҚР Президентінің құттықтау хатында. Осыдан кейін Әлихан Смайылов Азия чемпионатын ашық деп жариялады.​

​Кешкі сессияның алғашқы финалында Қазақстан қоржынына бірінші медаль түсті. Каролин Чепкоеч Кипкируи 3 мың метрге жүгіруде мәреге бірінші келіп, чемпион атанды. Отандасымыздың уақыт көрсеткіші: 9:01.98секунд. Қытайлық Уга Хэ күміс алса, жапониялық Юма Йамамото үздік үштікті түйіндеді.

​Ал көп уақыт өтпей 60 метрге жүгіруде Ольга Сафронова күміс жүлде жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 7.32 секундта жүгіріп өтті. Ирандық спортшы Фарзане Фасихи 7.28 секунд нәтижесімен қарсылас шақ келтірмесе, индонезиялық Валентин Ванеза 3-орын (7.37 секунд) иеленді.

400м маманданған қазақстандық спортшылар біліктілік анықтау жарыстарында мәре сызығын бірінші болып кесті. Нәтижесінде Михаил Литвин 46.97 нәтижесімен, Вячеслав Земс 47.32 нәтижесімен Чемпионаттың финалына жолдама алды. Финал 11-ақпан күні сағат 20:15те өтеді.

Ерлер арасында ядро итеруде үндістандық Тажендерпал Сайд Тур 19.49 метр нәтижесімен 1-орын, Каранвир Сайд 19.37 метр нәтижесімен 2-орын алды. Қытайлық Чжен Сиаодон 18.85 метр нәтижесімен үздіктер көшін қорытындылады.

​Әйелдер арасындағы бессайыс қорытындысы бойынша Өзбекстандық Екатерина Воронина 862 ұпаймен 1-орын, үндістандық спортшы 2-орын, ал жапондық Юки Ямашаки 846 ұпаймен 3-орын иеленді.