World Athletics халықаралық ұйымының Kids’ Athletics жобасы Қазақстан өңірлерінде жалғасын табуда. Аталған бағдарлама аясындағы кезекті іс-шара Батыс Қазақстан облысының орталығы — Орал қаласында ұйымдастырылады, деп хабарлайды Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.
Жоба балалар арасында жеңіл атлетиканы кеңінен насихаттауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және мектеп жасындағы оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, бастама дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және жеңіл атлетиканы заманауи әдістемелер арқылы оқытуға мүмкіндік береді. Іс-шара барысында Қазақстан Жеңіл атлетика федерациясының мамандары мен World Athletics сертификатына ие лекторлар арнайы оқыту курсын өткізеді. Бағдарламаға Орал қаласындағы №51 мектеп базасында 100-ге жуық дене шынықтыру пәні мұғалімі қатысады деп жоспарлануда. Қатысушылар күн бойы теориялық және практикалық сабақтардан өтіп, Kids’ Athletics бағдарламасының негізгі қағидаларымен танысады.
Практикалық бөлім аясында оқушылар арасында шағын эстафеталық жарыстар мен командалық сайыстар ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, жеңіл атлетиканың қолжетімді әрі қызықты спорт түрі екенін көрсетуге бағытталған. Айта кетейік, Kids’ Athletics — World Athletics ұйымының әлем бойынша жүзеге асырылып жатқан ең ауқымды балалар спорт бағдарламаларының бірі. Жоба бүгінде көптеген елдерде мектеп спортының дамуына оң әсерін тигізіп келеді.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».