U20 Азия чемпионатының жүлдегерлері марапатталды

U20 Азия чемпионатының жүлдегерлері марапатталды

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде U20 Азия чемпионатында ел намысын қорғаған жеңімпаз-жүлдегерлер мен олардың жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов, Федерация өкілдері, спортшылар мен бапкерлер қатысты.

Гонконгте өткен U20 Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының жас жеңіл атлеттері жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына бірқатар жүлде салды. Құрлықтық додада спортшыларымыз әртүрлі дисциплинада бақ сынап, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді.

Жарыс қорытындысы бойынша Максим Сажнев, Анна Черкашина, Милана Зубарева, Маргарита Косинова, Софья Киденко, Асқар Өмірзақ, Алина Головина, Мария Щипачева және Мария Зиневич жеңімпаз-жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Іс-шара барысында спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегі ерекше атап өтіліп, оларға алғыс білдірілді. Федерация өкілдері жас атлеттердің жетістігі Қазақстан жеңіл атлетикасының болашағы үшін маңызды қадам екенін атап өтті.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы U20 Азия чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын құттықтап, алдағы халықаралық жарыстарда жаңа жеңістер тілейді.