Бүгін Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан U23 жастар және U16 жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жалауы көтерілді. Ел біріншілігі 19–21 мамыр аралығында өтіп, үш күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік жас атлеттерді бір алаңға жинайды.
Жарыс бағдарламасына жүгіру, секіру, лақтыру, көпсайыс және эстафеталық сайыстар енгізілген. Спортшылар әр жас санаты бойынша ұлттық деңгейдегі мықтыларды анықтау үшін тартысты бәсекеге түседі. Чемпионат екі спорттық нысанда — Қажымұқан атындағы орталық стадионда және №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің олимпиадалық резерв базасында өтіп жатыр. Алғашқы жарыс күнінің өзінде-ақ тартыс жоғары деңгейде байқалды. Бағдарламаға 100, 400 және 1500 метрге жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру, ядро итеру, найза лақтыру, сондай-ақ 4×100 метр эстафета кірді. Бұл дисциплиналар бойынша алғашқы жеңімпаздар анықталып, командалық есепте алғашқы нәтижелер тіркеле бастады.
Жарыс аясында жас спортшылардың техникалық дайындығы, жарыс тәжірибесі және бәсекеге қабілеттілігі бағаланады. Сонымен қатар, бұл біріншілік ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеудің маңызды кезеңі саналады. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы чемпионаттың ұйымдастырылуы жас буынның спорттық әлеуетін дамытуға және өңірлер арасындағы бәсекелестікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Барлық қатысушыларға сәттілік тілейміз.