Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан U-18 жас санатындағы Қазақстан чемпионаты алдындағы соңғы дайындық жұмыстары өтті.
Еліміздің әр өңірінен келген жас спортшылар Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда жиналып, жарыс алдындағы жаттығуын өткізді. Қатысушылар жүгіру жолы мен жарыс секторларына бейімделіп, алдағы бәсекеге дайындығын пысықтады.
Жаттығу барысында спортшылар бапкерлерімен бірге техникалық элементтерді қайталап, жарыс қарсаңындағы соңғы дайындықтарын жасады. Жас жеңіл атлеттер үшін бұл чемпионат — өз нәтижесін жақсартып, ұлттық деңгейде тәжірибе жинауға және еліміздің үздік спортшылары қатарынан көрінуге мүмкіндік.
Айта кетейік, жарысқа бұған дейін U-20 санатындағы ел чемпионатында бақ сынаған спортшылар да, өз жасында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жас дарындар да қатысады. Сондықтан алдағы ел біріншілігі тартысты әрі қызықты өтеді деп күтілуде.
Қазақстан чемпионаты Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтеді. Жарыс бағдарламасында жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық дисциплиналар бойынша медальдар сарапқа салынады.