60 метрге жүгіруден ерлер арасындағы U-23 ел біріншілігі нағыз айқасқа айналып, қазіргі ел чемпионы, қарағандылық Данил Поповты қаһарманға айналдырды. Ол екі рет жарқын жетістігімен көзге түсті. Іріктеу кезеңінде дәл осы Данил жүгіретін топ 7 рет фальстарт жасады. Бір қызығы, спортшылардың басым бөлігі қарсылық ретінде жолақтан кетпей, жүгіре берді. Тек 16 жастағы Ердәулеет Мұхамұхамбетов ғана жарыстан қуылды.
Думан Бейсембеков алдымен ШҚО-лық жасөспірімнің соңынан кеткен, кейін қайтадан жолаққа оралды. Ал оның нәтижесі есепке алынғаны тағы да ойлантып қойды. Жалпы алғанда, бір ғана жүгіру тобы нағыз жүйкені шыңдайтын бәсекеге айналды. Өкінішке қарай, осы қашықтықтағы басты фаворит саналған Руслан Құрманәлиев бұл сынақтан өте алмады. Ол мәреге жеткенімен, бәрібір жарыстан шеттетілді. Сегіз қатысушының төртеуі ереже бұзғаны үшін жарыстан қуылса, нағыз салқынқандылық көрсеткен Попов іріктеуді керемет нәтижемен – 6.89 көрсеткішімен аяқтады. Былтырғы финалда ол 0,1 секундқа кештеу келген. Осылайша, Данил финалға нағыз фаворит ретінде жолдама алды. Ал қорытынды есепте ол қалыс басқан жоқ – 6,87! Спортшы өз атағын қорғап қана қоймай, жеке рекордын жаңартып, маусымдағы үздік нәтижесін тіркеді.
Сол күні 7 секунд ішінде жүгірген тағы бір атлет бар. Ол – алматылық Дональд Мұратқалиев. Алматылық атлет іріктеуде өз рекордын 6,99 секундқа жаңартып, финалда өз нәтижесінен 0,01 секундқа кеш келді. Үшінші орынды астаналық Бейбарыс Батырұлы иеленді. Соңғы екі спортшы үшін бұл өз мансабындағы бірінші чемпионат екенін айта кеткен жөн.
60 МЕТРГЕ ЖҮГІРУ
Ерлер:
1. Даниил Попов (Қарағанды облысы) – 6,87
2. Дональд Мұратқалиев (Алматы) – 7,00
3. Бейбарыс Батырұлы (Астана) – 7,00