Ташкент қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан U-18 жасөспірімдер арасындағы Орталық Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін жоғары нәтижелермен ерекшеленді. Сол күні ел қоржынына екі рекорд тіркеліп, екеуінің де авторы – Максим Сажнев атанды.
Бұған дейін хабарланғандай, спортшы диск лақтыру сайысында 67,31 метр нәтижемен жеңіске жетіп, Қазақстан және Орталық Азия рекордын жаңартқан болатын. Ал келесі стартында ол ядро итеру бәсекесінде 18,89 метрге қол жеткізіп, U-18 санатындағы ел рекордын тіркеді. Аталған көрсеткіш бұған дейін бір жыл сақталған рекордты жақсартты. Бұрынғы ең үздік нәтиже Вадим Песоцкийге тиесілі еді. Өткен маусымда ол Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында ядроны 17,70 метрге итеріп, 2007 жылдан бері сақталған Шамиль Мусаевтың (17,52 м) көрсеткішін арттырған болатын. Осылайша, рекордтар тізбегі қысқа уақыт ішінде бірнеше рет өзгерді.
Ташкенттегі жарысқа Вадим Песоцкий қатыспағандықтан, тікелей бәсеке орын алған жоқ. Соған қарамастан, Максим Сажневтің нәтижесі жоғары деңгейдегі техникалық және физикалық дайындықтың айқын көрінісі ретінде бағаланып отыр. Қазіргі таңда жас спортшы маусым барысында көрсеткішін одан әрі жақсартып, 19 метрлік межеге жақындау бағытында жұмысын жалғастыруда.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».