Гонконгте өтіп жатқан жеңіл атлетикадан U20 Азия чемпионатының соңғы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медаліне қол жеткізді. Ел намысын қорғаған Максим Сажнев диск лақтыру сайысында чемпион атанды.
Шымкенттік спортшы финалда 17 қарсыласпен бақ сынады. Алғашқы әрекетінде 45,67 метр нәтиже көрсетіп, аралық есепте оныншы орынға тұрақтаған Максим екінші мүмкіндігінде 59,24 метрге диск лақтырып, Қазақстанның U20 жас санатындағы рекордын жаңартты. Бұған дейінгі 57,97 метрлік рекорд та өзіне тиесілі болатын.
Үшінші кезеңде Сажнев нәтижесін тағы жақсартып, 60,45 метр көрсеткішке қол жеткізді. Осылайша ол Қазақстан тарихында дискіні 60 метрден асыра лақтырған алғашқы жасөспірім атанып, бір жарыстың өзінде екінші рет ұлттық рекордты жаңартты.
Нәтижесінде Максим Сажнев Азия чемпионы атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына осы чемпионаттағы алғашқы алтын медальді салды.
Диск лақтыру. U20 Азия чемпионаты
1. Максим Сажнев (Қазақстан) – 60,45 м
2. Нишчай Нишчай (Үндістан) – 60,10 м
3. Хамад Дхави Альсултан (Қатар) – 59,47 м
…16. Алиайдар Мырзағазиев (Қазақстан) – 45,63 м