Максим Сажнев Азия чемпионатында рекордын жаңартты

Максим Сажнев Азия чемпионатында рекордын жаңартты

Жеңіл атлетикадан U-18 жасөспірімдер арасындағы Орталық Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін жоғары нәтижелермен есте қалуда. Сол жарыста ерекше көзге түскен спортшылардың бірі – Максим Сажнев.

Отандасымыз диск лақтыру сайысындағы финалдық бәсекеде сенімді өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді. Бір жарыстың өзінде екі рекордты қатар жаңартты. Атап айтсақ, Қазақстанның U-18 рекордын және Орталық Азия рекордын.

Сажнев жарысты жоғары қарқынмен бастап, алғашқы талпыныстардан-ақ көшбасшылықты өз қолына алды. Оның нәтижелі шеберлігі жарыстың тағдырын ерте айқындады. Дискіні 67,31 метрге дейін ұшырып, өзінің бұған дейінгі көрсеткішін (59,71 м) айтарлықтай жақсартты. Мұндай көрсеткіш спортшының техникалық және физикалық дайындығының жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. Жарыс қорытындысы бойынша екінші орынды Өзбекстан өкілі Азизбек Абдугафаров иеленді (50,33 м), ал үздік үштікті тағы бір өзбекстандық спортшы Мукимхон Бобоев (49,20 м) түйіндеді.

Максимнің ұпайы Қазақстан құрамасының жалпы командалық есебіне де маңызды үлес қосты. Сонымен қатар, жас спортшының көрсеткіші аймақтық деңгейдегі бәсекеде жаңа бағдар орнатып берді. U-18 санатындағы диск лақтыру нәтижелерінің деңгейін едәуір көтерді.