Kids’ Athletics Шымкентте

Kids’ Athletics Шымкентте

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы балалар арасында жеңіл атлетиканы дамыту және кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің оңтүстік өңірі — Шымкент қаласында World Athletics ұйымының Kids’ Athletics жобасын жүзеге асыруды жалғастыруда.

Kids’ Athletics — әлемдік спорттағы ең ауқымды бұқаралық даму бағдарламаларының бірі. Жоба 2002 жылы құрылған. Ал 2021 жылы бағдарлама толықтай жаңартылып, цифрлық форматқа көшірілді. Соның арқасында жоба балалар мен жасөспірімдер үшін анағұрлым қолжетімді, икемді әрі қызықты бола түсті. Бүгінде Kids’ Athletics бағдарламасы World Athletics ұйымына мүше 100-ден астам елде жүзеге асырылып келеді. Мамандардың бағалауынша, жоба әлем бойынша 13 миллионнан астам бала мен жасөспірімді қамтыған.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаттықтырушылар, мұғалімдер мен жастардың қатысуымен әзірленген бағдарлама 4 пен 14 жас аралығындағы балаларға жеңіл атлетикамен қызықты әрі сапалы түрде танысуға мүмкіндік береді. Kids’ Athletics бағдарламасының негізгі құндылықтары — құрмет, батылдық, достық және мақтаныш.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».