1–13 қараша аралығында Сенегал астанасы Дакар қаласында IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы өтеді. Қазақстан атынан жеңіл атлетикадан екі спортшы – 400 метрге жүгіруден ел рекордшысы Маргарита Косинова мен диск лақтырудан U20 санатындағы Азия чемпионы Максим Сажнев қатысады.
Бұл жолы Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасы жасөспірімдер Олимпиадасына ең шағын құраммен аттанады. 2010 жылы Сингапурда төрт спортшы өнер көрсетсе, 2014 жылы Нанкинде үш, ал 2018 жылы Буэнос-Айресте бес атлет бақ сынаған. Дегенмен биылғы додада жасөспірімдер Олимпиадасының медалін жеңіп алуға мүмкіндік жоғары.
Маргарита Косинованың 400 метрге жүгірудегі үздік нәтижесі – 55,48 секунд. Ал Максим Сажнев мамыр айында Ташкентте өткен U18 санатындағы Орталық Азия чемпионатында дискіні 67,31 метрге лақтырып, әлемдік жасөспірімдер рейтингінде бірінші орынға шықты. Үздік нәтиже Максимді Дакардағы жарыстың жүлдесіне үміткерлердің қатарына қосып отыр.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».