Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды

Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды

Қытайдың Шаосин қаласында өтіп жатқан эстафеталық жүгіруден Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы жүлдегерлер қатарынан көрінді.

17–22 маусым аралығында ұйымдастырылып жатқан құрлықтық додаға Азияның 9 елінен 105 спортшы қатысуда. Жарыс бағдарламасында эстафеталық жүгірудің бірнеше дисциплинасы бойынша медальдар сарапқа салынуда.

Қазақстан әйелдер құрамасы 4×400 метр эстафетада сәтті өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды. Финалдық сында ұлттық құрама 3:33.87 нәтижесін тіркеп, үздік үштікті түйіндеді. Аталған дисциплинада ел намысын Анна Шумило, Мария Шувалова, Александра Залюбовская және Аделина Земс қорғады.

Финал қорытындысы бойынша Вьетнам құрамасы 3:31.16 нәтижесімен алтын медаль иеленсе, Қытай командасы 3:32.68 көрсеткішімен күміс жүлдегер атанды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұған дейін аралас 4×400 метр эстафетада алтын медаль жеңіп алған болатын.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».