Кипрдің Лимасол қаласында өткен жеңіл атлетикадан EKO Cyprus International Athletics Meeting халықаралық турнирінде қазақстандық спортшы Елизавета Матвеева жоғары нәтиже көрсетті.
World Athletics ұйымының қола деңгейдегі құрлықтық жарыстар санатына кіретін беделді додада ол әйелдер арасындағы биіктікке секіру бағдарламасында сынға түсті. Матвеева 185 сантиметр биіктікті бағындырып, күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ қазақстандық тағы бір спортшы Кристина Овчинникова 180 сантиметр нәтижемен бесінші орынға тұрақтап, жарысты үздік бестік ішінде аяқтады.
Жарыс қорытындысы бойынша алтын медаль Кипр өкілі Елена Куличенкоға бұйырса, қола жүлдені Грекия спортшысы Панагиота Доси иеленді.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».