Гонконгта өтіп жатқан жеңіл атлетикадан U20 Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Анна Черкашина күміс медаль жеңіп алды.
Сырықпен секіру сайысында ол 4,00 метр биіктікті бағындырып, жарысты екінші орынмен аяқтады. Черкашина жарыс барысында 3,55 метрден бастап барлық негізгі биіктіктерден сәтті өтіп, шешуші сәтте өз мүмкіндігін толық пайдалана білді.
Бұл нәтиже Қазақстан құрамасы үшін чемпионаттағы алғашқы күміс жүлде болды. Сонымен қатар Анна 2024 жылы Дубайда өткен құрлық біріншілігінде де 3,60 метр нәтижемен күміс медаль иеленген болатын.
Жарыста алтын медаль қытайлық Сийин Лиге бұйырды — 4,05 метр, ал қола жүлдені жапониялық Саэра Ватанабе 3,80 метр нәтижемен жеңіп алды.
Айта кетейік, бұл медальмен Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге төрт жүлде бар. Бұған дейін Мария Щипачева (үш қарғып секіру), Алина Головина (ядро лақтыру) және Асқар Өмірзақ (онсайыс) қола медаль иеленген еді.