Аделина Земс: «Азия ойындарында алтын алуды армандадым»

Аделина Земс: «Азия ойындарында алтын алуды армандадым»

Аичи–Нагоя-2026 жазғы Азия ойындарында жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір күміс медальмен толықты. Әйелдер арасындағы 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында Аделина Земс екінші орын иеленіп, жеке рекордын жаңартты.

Аталмыш сында қазақстандық спортшы финалда қашықтықты 54,58 секундта бағындырып, ел қоржынына күміс жүлде әкелді. Ал алтын медальді Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Мариям Кәрим 54,31 секунд нәтижесімен жеңіп алып, Азия ойындарының рекордын жаңартты. Қола жүлде Үндістан өкілі Витая Рамраджға бұйырды. Ол мәреге 54,75 секундта жетіп, жеке рекордын тіркеді.

Жарыстан кейін Аделина Земс Жапониядағы жарыс алаңы мен оның атмосферасы өзіне ұнағанын айтты. Спортшы Азия ойындарына алтын медаль алу мақсатымен келгенін және әнұранымызды Жапония төрінде шырқатуды армандағанын жеткізді.

«Жапония мен жарыс алаңындағы атмосфера маған қатты ұнады. Дәл осы жерде кәсіби мансабымдағы ең үздік нәтижемді көрсеттім. Азия ойындарына алтын медаль алу үшін келдім. Еліміздің әнұраны Жапонияның басты аренасында шырқалса деп армандадым. Алайда күміс жүлде бұйырды. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым», — деді Аделина.

Қазақстандық желаяқ үшін Азия ойындарындағы алтын медальдің маңызы ерекше болған. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілімен халықаралық жарыстарда жиі кездесетінін атап өтті. Бұған дейін Аделина Земс жабық кешендегі Азия чемпионатында төрт рет жеңімпаз атанып, құрлық біріншілігінде күміс және қола медальдарға ие болған. Алайда Азия ойындарына алғаш рет қатысқандықтан, бұл додада алтын жүлде алуды ерекше мақсат еткен.

«БАӘ спортшысымен халықаралық жарыстарда жиі кездесеміз. Бұған дейін жабық кешендегі Азия чемпионатында төрт рет жеңіске жетіп, Азия чемпионатында күміс және қола медаль алдым. Бұл — менің Азия ойындарындағы алғашқы жарысым. Сондықтан алтын медаль алғым келді, оның мен үшін маңызы ерекше еді. Алда бізді басқа да ірі жарыстар күтіп тұр. Сол бәсекелерде еліміздің намысын абыроймен қорғағым келеді», — деді спортшы.

Сұхбат соңында Аделина Земс бапкеріне және жарыс кезінде өзіне қолдау білдірген барша отандасына алғысын жеткізді.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Қазақстанның ұлттық рекорды Наталья Торшинаға тиесілі. Ол 2000 жылы 54,50 секунд нәтиже көрсеткен. Аделина Земс бұл көрсеткіштен 0,08 секундқа қалып, жеке рекордын жаңартты.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры «Sport Qory».

Фото: Никита Басов