Жарысқа еліміздің әр өңірінен келетін жас спортшылар қатысып, жүгіру, секіру, лақтыру және эстафеталық дисциплиналарда бақ сынайды. Аталмыш додада биыл халықаралық жарыстарда көзге түскен спортшылар да өнер көрсетеді. Солардың қатарында Орталық Азия U-18 чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алған Юлия Дёмкина бар.
Юлия — өз жас санатындағы Қазақстанның ең жылдам спортшыларының бірі. Оның 100 метрдегі жеке рекорды — 11,99 секунд. Бұл нәтиже оған тек U-18 деңгейінде ғана емес, жастар және ересектер арасында да жоғары орындар үшін таласуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан туы астында өнер көрсету — мен үшін үлкен мәртебе. Әр жарыс — жауапкершілік әрі жаңа тәжірибе. Мені қолдаған жандарға және бапкерлерім Владислав Фризен мен Сергей Плотниковқа алғыс айтамын», — дейді Юлия.
Шымкенттегі чемпионат жас спортшылар үшін өз нәтижесін жақсартып, ұлттық деңгейде тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.